Фото: KCNA/AFP

KAZINFORM – БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі сарапшылары Израильге қару-жарақ пен оқ-дәрі жеткізуді тоқтатуға шақырды. Олардың пікірінше, мұндай елдер геноцидке қатысушы елдер қатарынан табылуы мүмкін.

Бұл туралы Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасы таратқан БҰҰ-ның арнайы баяндамашыларының мәлімдемесінде айтылған.

«Израильге қару-жарақ пен оқ-дәрілерді беру адам құқықтары мен халықаралық гуманитарлық құқықты бұзу болып табылады және мемлекеттің халықаралық қылмыстарға, соның ішінде геноцидке қатысу қаупін тудыруы мүмкін», – делінген құжатта.

Сарапшылардың пайымдауынша, қару өндірушілер экспорттық лицензияларға сәйкес жүзеге асырылса да, Израильге жеткізуді тоқтатуы керек. Мәлімдемеде жеткізушілер ретінде BAE Systems, Boeing, Caterpillar, General Dynamics, Lockheed Martin, Northrop Grumman, Oshkosh, Rheinmetall AG, Rolls-Royce Power Systems, RTX және ThyssenKrupp аталған.

Сарапшылар Халықаралық соттың Израильге Рафахтағы әскери шабуылын дереу тоқтатуды бұйырған таяудағы шешімін, сондай-ақ Халықаралық қылмыстық сот прокуроры Израильдің басшыларын соғыстағы қылмыстары мен айыптаулар бойынша тұтқындауға ордер беру туралы өтінішін еске салды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!