Фото: t.me/agiprd
KAZINFORM – Махачкала мен Дербентте содырлардың шабуылына байланысты Дағыстан аумағында үш күн аза тұту жарияланды. Бұл туралы республика басшысы Сергей Меликов әкімшілігінің Telegram арнасы хабарлады.
«24, 25 және 26 маусым күндері Дағыстанда аза тұту күні деп жарияланды. Жарлыққа жаңа ғана Сергей Меликов қол қойды», – делінген хабарламада.
Бүкіл республика бойынша аза тұту күндері мемлекеттік тулар жартылай төмен түсіріледі. Өңірде орналасқан мәдениет мекемелері мен телерадиокомпаниялар барлық ойын-сауық шаралары мен хабарларын тоқтатады.
«Дағыстан Республикасының үкіметіне қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету үшін тиісті шараларды қабылдау тапсырылды», – деп атап өтті билік өкілдері.
Айта кетейік, Дағыстанда белгісіз біреулер православ шіркеуі мен синагогаға шабуыл жасады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дағыстандағы православие шіркеуі мен синагогаға лаңкестік әрекеттер жасалып, соның салдарынан дін және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қаза болуына байланысты Ресей Президенті Владимир Путинге көңіл айтты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!