Фото: Facebook/Ертай Нүсіпжанов
KAZINFORM – Қазақстандық әнші, түрлі байқаулардың жеңімпазы Рухия Байдүкен Қытайдағы «Singer» ән байқауында бақ сынайды. Бұл жөнінде әншінің продюсері Ертай Нүсіпжанов мәлім етті.
«Араға 7 жыл уақыт салып «Singer» сахнасына қайта оралдық. Бұл жолы – Рухия. 4 жыл үзілістен кейін тағы да миллиондаған көрерменге жол тартқан аты әлемге әйгілі музыкалық тележоба биылғы мамыр айында басталды. Бұл маусымның басты ерекшелігінің бірі – жоба тікелей эфирде, Қытайда өтіп жатыр. Бағалау халықтың дауыс беруі негізінде болады», – деп жазды Е.Нүсіпжанов Facebook желісінде.
Рухия бүгін Қазақстан уақытымен сағат 17:00-де 8-кезеңде өнер көрсетеді. «Топ жару» статусымен келген шетелдік әншіге қойылған талап бойынша, Рухия алдыңғы 7-кезеңде үздік 4-ке енген әншілердің бірін таңдап, онымен жекпе-жек сайысқа түседі.
«Бағалаушы барша көрерменнің дауыс беру нәтижесінде жеңсе, келесі кезеңге өтеді. Ал жеңілсе біз үшін сайыс осы тұста аяқталады. Қалай болғанда да, бұл – үлкен еңбек, артыс-тартыспен келген жеңіс. Жеңіс дейтінім, үлкен сахнада тағы бір қазақ күллі әлемге өнер көрсетіп, қазақтың атын шығарады. Бұдан асқан жеңіс бар ма, сірә», – дейді продюсер.
Еске сала кетсек, 2017 жылы Димаш Құдайберген Қытайдың Хунань телеарнасының «Singer 2017» ән байқауына қатысып, екінші орынды жеңіп алды және әлемдік аренада танымал әншіге айналды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!