Фото: Euronews

KAZINFORM – АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп қытайлық ByteDance концерніне тиесілі TikTok әлеуметтік желісінде аккаунт ашты. Бұл туралы жексенбі, 2 маусымда Трамп өз аккаунтында алғашқы видео жариялаған кезде белгілі болды. Бұл туралы dw.com сайты жазды.

Видео Ньюаркте өткен аралас жекпе-жек халықаралық Ultimate Fighting Championship (UFC) ұйымы іс-шараларының бірінде түсірілген. Бейнежазбада UFC бас директоры Дана Уайт та көрінеді. Видеоның басында ол «Президент қазір TikTok-та» деп мәлімдейді, ал Трамп бұған «үлкен мәртебе» деп жауап береді. Қысқа видеоның қалған бөлігі АҚШ-тың бұрынғы президентінің трибунада көрермендерге қол бұлғап, олармен бірге селфи жасағаны түсірілген кадрлардан тұрады.

TikTok аккаунты Трампқа жас аудиторияны, соның ішінде АҚШ-тың алдағы президенттік сайлауы қарсаңында әлеуетті сайлаушыларды тартуға көмектесуі мүмкін, деп жазады Politico. 24 сағаттан аз уақыт ішінде Трамптың алғашқы видеосы шамамен 56 миллион рет қаралып, оның аккаунтына 3 миллионға жуық қолданушы жазылған.

Бірнеше ай бұрын АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байденнің сайлауалды штабы TikTok аккаунтын ашты – оның 340 мыңға жуық жазылушысы бар.

Байден науқанының TikTok-та аккаунты болғанына қарамастан, АҚШ билігі соңғы айларда елдегі әлеуметтік желінің жұмысын шектеуге тырысты. Сәуірде Байден Конгресстің екі палатасы мақұлдаған заңға қол қойды, ол әлеуметтік желінің қытайлық иесін бір жыл ішінде өз бизнесін қытайлық юрисдикцияда емес компанияға сатуға міндеттеді. Әйтпесе, TikTok АҚШ-та бұғатталуы мүмкін.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!