Опера әншісі Әйгерім Алтынбек Италияның Портофино қаласында өтіп жатқан халықаралық CLIP (Concorso Lirico Internazionale di Portofino) опера әншілері байқауында жеңіс тұғырынан көрініп, бас жүлде иегері атанды. Ол бас бәйгеден бөлек, байқаудың негізгі номинацияларында үздік атанып, абсолютті жеңімпаз болды. Сонымен қатар көрермен көзайымы жүлдесін, «Үздік әйел дауысы» марапатын және музыка сыншысы, артдиректор әрі педагог Карло Майердың арнайы жүлдесін иеленді.

CLIP байқауы – үздік өнер иелері қатысатын, әлемдегі ең беделді вокалдық байқаулардың бірі. Өнер сайысында әлемнің түрлі елдерінен 32 жасқа дейінгі аса талантты опера әншілері ғана бақ сынайды.

 «Биылғы байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық өтінім түскен. Бірақ финалға небәрі 10 орындаушы өтті. Олар Портофино қаласының орталық алаңында Teatro Carlo Felice оркестрінің сүйемелдеуімен өткен галаконцертте өнер көрсетті.

«Үздік әйел дауысы» жүлдесін Әйгерімге Чилидегі Ибаньес-Аткинсон қоры табыстады. Бұл қор – әлем бойынша жас, дарынды вокалистерді іздеп, қолдаумен айналысатын халықаралық ұйым. Қор жетекші театрлармен әріптестік орнатқан және Сантьягодағы опера театрымен бірлескен жастар бағдарламасын жүзеге асырады. Әйгерім – бұл қордың Оңтүстік Америка континентіндегі қолдауына ие болған алғашқы еуропалық емес әнші. Оған кәсіби және болашақ ынтымақтастық бойынша ұсыныс жасалды. Бұл ұсыныс отандық өнерпазға Еуропадан тыс жерлерде де халықаралық мансабын кеңейтуге мүмкіндік береді», – деп хабарлады ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Еліміздің атын әлемдік сахнада танытып келе жатқан Әйгерім Алтынбек 1996 жылы Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет ауылында туған. 2012 жылы Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжге оқуға түсіп, кәсіби өнер жолын бастаған. Кейін Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында жоғары білім алған.

Ал жақында жерлесіміз Әйгерім Алтынбек әлемге әйгілі Италиядағы «Ла Скала» театры академиясында тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болған еді.

Халықаралық вокалдық байқаулардың лауреаты Әйгерім Алтынбек бұған дейін танымал композитор Джакомо Пуччинидің 100 жылдығына арналған халықаралық байқауда жеңімпаз атанып, Николай Гяуров атындағы байқауда үшінші орынды иеленді. Сондай-ақ әлемнің түкпіртүкпірінен келген 470 қатысушы бақ сынаған Рената Тебальди атындағы халықаралық конкурста екінші орынға ие болды. Атақты италиялық опера әншісі Мирелла Френидің арнайы сыйлығымен де марапатталған.

Төрткүл дүниені тамсандырып, ел мерейін асырған Әйгерімнің жетістігі ерекше қуантқаны рас. Талантты аруды жеңісімен шын жүректен құттықтап, толағай табыс тілейміз!

А.НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!