Фото: REUTERS/ Patrick Fallon

Ботсвананың астанасы Габорондағы Ұлттық стадионда көптеген адам осы Африка елінің алтыншы президенті ретінде Дума Боконың инаугурациясына куә болды, деп хабарлайды KAZINFORM Синьхуа ақпарат агенттігіне сілтеп.

Салтанатты рәсім кезінде Дума Боко оның үкіметі азаматтардың қолдауымен жарқын болашақ құратынына уәде берді.

«Біз бәріміз қалаған Ботсвананы жасаймыз. Сіздер маған күш пен үміт бердіңіздер, мен сіздерге күш пен үмітті мың есе қайтаруға дайынмын», — деді ол.

Д. Боко өзіне дейін президент болған Мокветси Масисиді билікті еш кедергісіз табыстағанын айтып, бұл елдегі демократияның көрінісі деп атады.

Сондай-ақ ол ұлттық бірлікке және жаңа үкіметті Ботсвана халқының өмірін жақсарту мандатын орындауда қолдауға шақырды, әр азаматты экономиканы құруда өз рөлін атқаруға шақырды.

Салтанатты рәсімге Ботсванаға көршілес елдердің басшылары мен жоғары лауазымды тұлғаларының көпшілігі, соның ішінде Зимбабве президенті Эммерсон Мнангагва, Намибия Президенті Нанголо Мбумба, Замбия Президенті Хакаинде Хичилема және Оңтүстік Африка Республикасының вице-президенті Пол Машатиле қатысты. Рәсімге басқа Африка елдерінің өкілдері де қатысты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!