Америкалық алыс радиолокациялық анықтау және басқару ұшағы Boeing E-3 Sentry Сауд Арабиясындағы әуе базасына жасалған соққыдан зақымданды. Ирандық бұқаралық ақпарат құралдары әскери ұшақтың фотосын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі iribnews Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Суреттерден ұшақтың екіге бөлінгенін байқауға болады. Егер ақпарат ресми түрде расталса, бұл E-3 типіндегі ұшақтың тарихтағы алғашқы жауынгерлік шығыны болуы мүмкін.
Boeing E-3 Sentry көбіне AWACS (әуе кеңістігін бақылау және басқару жүйесі) атауымен белгілі. Ол командалық пункт пен радар саналады. Ұшақ төбесіндегі үлкен айналмалы радардың арқасында жердегі радарлар байқамайтын төмен ұшатын нысандарды анықтай алады. Оның бақылау радиусы 400 шақырымнан асады.
Стационарлық радарлардан айырмашылығы – AWACS әлемнің кез келген нүктесіне жылдам орын ауыстыра алады және оны баллистикалық зымыранмен жою әлдеқайда қиын. Ұшақ бортындағы офицерлер жойғыш ұшақтарды өздері жүргізіп, оларды нысанаға бағыттайды, әуеде жанармай құюды басқарады және әуе кеңістігінің қауіпсіздігін бақылайды.
Фото: t.me/iribnews
Соңғы буындағы толық жабдықталған бір ұшақтың құны 400–500 миллион доллар немесе одан да жоғары бағаланады.
Иранның Сауд Арабиясындағы әуе базасына жасаған шабуылын америкалық БАҚ та растады. Хабарларға сәйкес, 12 америкалық әскери қызметкер жарақат алған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
