SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған «Дүниежүзілік гуманитарлық көмек күніне» орай әлеуметтік желідегі жазбасында елінің әлемдегі ең жомарт мемлекеттердің қатарында екенін айтты.

«Түркия бүгінге дейін Газадағы халыққа 101 мың тоннадан астам гуманитарлық жүк жеткізді. Сондай-ақ БАПОР-ға (БҰҰ-ның Ближний Востоктағы палестиналық босқындарға көмек агенттігі) қолдау көрсетіп, жалпы көлемі 40 миллион доллардан асатын гуманитарлық науқан жүргізді», – деді Ердоған.

Мемлекет басшысы әлемде 300 миллионнан астам адамның ең негізгі гуманитарлық қажеттіліктерден айырылғанын атап өтті.

«Бұл – адамзаттың ар-ұжданына тікелей әсер ететін ащы шындық, сондықтан бүкіл әлем жауапкершілікті сезінуі тиіс», – деді ол.

Президенттің сөзінше, гуманитарлық көмек – саяси ықпалдан тыс, ең алдымен ар-ожданға байланысты іс. Ол Түркияның гуманитарлық дипломатиядағы ұстанымы арқасында ұлттық табысқа шаққандағы үлесі бойынша әлемдегі ең жомарт елдердің бірі екенін ерекше атап өтті.

«Түркия өз дәстүріне сай ұлтқа да, дінге де қарамастан, қиналған жанға қол ұшын созуды жалғастырады. Бұл – адам қадірін қорғауға және ар-ұждан дауысына құлақ асуға деген біздің ең айқын ниетіміздің көрінісі. Әлемде орын алып жатқан жаһандық дағдарыстар мен қақтығыстар гуманитарлық миссиямызды қиындатқанына қарамастан, біз қай жерде мұқтаждық болса, сонда көмек қолын созуды тоқтатпаймыз. Біз ортасында адам мен гуманитарлық құндылықтар тұрған әділетті әлем құруға үлес қоса береміз», – деп жазды Ердоған. Сондай-ақ ол Түркияның ешқашан мұқтаж жандарға есігін жаппайтынын жеткізді. «Жағдайы ауырларға, жетім-жесірге, көмекке зәру жандарға қол ұшын созу – біздің дініміздің өсиеті. Жүрегінде мұқтаждар мен жапа шеккендерге орын таба білгендер нағыз бақытты адамдар», – деп түйіндеді Түркия президенті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!