Фото: DW

Еуропалық комиссияның пікірінше, қытайлық Temu интернет-дүкенінде тұтынушылар «заңсыз өнімдерге тап болу қаупіне» ұшырайды, деп хабарлады KAZINFORM DW-ге сілтеме жасап.

Еуропалық комиссия дүйсенбі күні жариялаған баспасөз хабарламасында Қытайдың Temu онлайн-дүкенін ЕО-ның Цифрлық қызметтер туралы заң (DSA — Digital Services Act) талаптарын бұзды деп айыптады. Комиссия өкілдерінің айтуынша, бұл маркетплейс платформасында заңсыз өнімдердің сатылуына жол бермеу үшін жеткілікті шаралар қолданбай отыр.

— Дәлелдер ЕО аумағындағы тұтынушылардың бұл платформадан заңсыз өнімдерге тап болу қаупі жоғары екенін көрсетті, — делінген Еурокомиссия мәлімдемесінде.

DSA заңына сәйкес, Temu «өте ірі онлайн платформа» ретінде жіктеледі. Бұл сервисті Еуроодақта шамамен 94 миллион адам пайдаланады. Егер аталған айыптаулар дәлелденсе, компания өзінің жаһандық жылдық табысының 6 пайызына дейінгі мөлшерде айыппұл төлеуі мүмкін.

Temu-ға қатысты айыппұл рәсімі 2024 жылы басталған

2024 жылдың қазан айының соңында Еурокомиссия Temu компаниясына қатысты айыппұл шараларын ресми түрде бастағанын хабарлады. Сол кезде шенеуніктер маркетплейс сайтындағы беттердің қалай рәсімделгенін зерттемек болған. Сыншылардың айтуынша, сайт құрылымы тұтынушыларда тәуелділік тудырып, оларды жоспарланбаған шығындарға итермелейді.

Ол кезде Temu Еуроодақ билігімен ынтымақтастыққа дайын екенін мәлімдеп, өзінің мақсаты — «тұтынушылар үшін қауіпсіз әрі сенімді нарық қалыптастыру» екенін айтқан.

Цифрлық қызметтер туралы заң Еуроодақта 2023 жылдың тамыз айында күшіне енді. Бұл заң интернет-компанияларды нәсілшілдікпен, есірткі саудасымен, контрафакт өнімдермен, балалар порнографиясымен және жалған ақпарат таратумен күресуге міндеттейді.

Еуропалық Одақ былтырғы жылдың қараша айында Temu-ге қарсы дабыл қағып, интернет арқылы заңсыз тауарларды сатуды тоқтата алмайтынына алаңдаушылық білдірген болатын. Сол жолы комиссия аталған сауда маркетплейсінде «бұрын бұғатталған алаяқ саудагерлер» қайта қулығын асыруы мүмкін деп алаңдаған еді.  Себебі, платформаның жеткілікті сенімді жүйелері жоқ екенін алға тартады. Себебі, кейбір өнімдер кейде жойылғаннан кейін бірнеше күн ішінде қайта пайда болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!