Фото: egaartis.pl
Halyq Uni. Норвегия, Испания корольдіктері мен Ирландия Республикасы Палестина мемлекетінің тәуелсіздігін таныды.
Бүгін Еуропаның осы үш елінің Үкімет басшылары бір күнде Палестина мемлекетінің тәуелсіздігін толық мойындау туралы құжатқа қол қойғандарын айтып, мәлімдеме жасады.
Құжат заңды күшіне 28 мамырда енеді.
Норвегияның премьер-министрі Йонас Гар Сторе Палестина халқының жарты ғасырдан астам уақыттан бері соғыстан зардап шегіп жатқанын, соғысты тоқтату үшін жергілікті халыққа қолда бар мүмкіндіктің бәрін пайдаланып, көмек беру керектігін, Газа секторының халқы бейбіт өмір мен бостандыққа әбден лайық екенін айтып, Палестина елінің тәуелсіздігін толығымен қолдайтынын мәлімдеді.
Ирландияның Үкімет басшысы Саймон Харрис Палестинаның азаттық үшін күресін қолдап, оның тәуелсіздік алуына бар жағдайды жасауға тырысатынын ескертті.
Испанияның премьер-министрі Педро Санчес өз елінің «Екі мемлекет» қағидасын ұстанатынын, осы ұстаным Израиль мен Палестина арасындағы соғысты тоқтатуға септігін тигізетінін айтты.
Еуропа елдері Палестинаның тәуелсіздігін таныған соң, Израиль мемлекеті оысы елдердегі төтенше және өкілетті елшілерін шақырып алды.
Қазіргі кезде Палестинаның тәуелсіздігін БҰҰ-ға мүше 193 елдің 138-і мойындайды. Олардың арасында Қытай мен Ресей бар. Ал Израиль, АҚШ, Ұлыбритания, Франция мен Германия және басқа да елдер араб елінің тәуелсіздігін мойындамай келеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!