SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 10 қарашадан бастап Еуропалық одақ Ресей азаматтарына көп мәртелік шенген визасын беруді тоқтатады. Бұл шешім Ресейдің Украинаға қарсы соғысы мен Еуропаға бағытталған «гибридті әрекеттеріне» жауап ретінде қабылданғанын Германия Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.

Жаңа тәртіп бойынша ресейліктер енді тек бір мәрте кіруге арналған қысқа мерзімді визамен шектеледі. Тек ерекше жағдайларда — гуманитарлық себептермен ғана — жеңілдік қарастырылуы мүмкін.

Еурокомиссияның түсіндіруінше, көп мәртелік визалар тек Еуроодақ азаматтарының немесе тұрғындарының туыстарына және көлік саласында еңбек ететін ресейліктерге ғана қолжетімді болады. Бірақ олардың да өтінішін қарау кезінде соңғы екі жылда визалық тәртіпті бұзбауы қатаң ескеріледі.

Бұған дейін берілген визалар жарамды болып қала береді, алайда жаңа ережелерге сай, көп мәртелік рұқсаттар енді берілмейді. Бұл тіпті бірнеше ел арқылы өтетін транзиттік сапарларға да қатысты.

Еуроодақ елдері ерекше жағдайларда ғана — мысалы, тәуелсіз журналистер мен құқық қорғаушыларға — ұзақ мерзімді, бес жылдық визалар бере алады.

Сарапшылардың айтуынша, бұл шешім Еуропада ресейліктерге қатысты бұрыннан күшейіп келе жатқан шектеулердің заңды жалғасы. Соңғы екі жылда Грекия мен Италия визаларды тек сапар мерзіміне ғана беріп келсе, енді Франция да жаңа ортақ ережеге қосылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!