Фото: olympic.kz

2024 жылғы Олимпиаданы өткізуге Франция қанша қаражат жұмсады? Болжамдар Парижге 6,7-ден 11,1 млрд еуроға дейін қаржылық пайда келеді дейді. Алайда нақты цифр кейінірек жарияланады. Бұл туралы Euronews-ке сілтеме жасап KAZINFORM ақпараттық агенттігі хабарлады.

Париж Олимпиадасы мен Паралимпиада ойындары аяқталды және Францияға қазір әлемдегі ең ірі спорт шарасын өткізу үшін 8 млрд еуродан астам қаржы шығындауға тура келді. 

Егер түпкілікті шығын өзгеріссіз қалатын болса, онда Париж соңғы онжылдықтағы ең арзан жазғы ойындарды өткізгені белгілі болды (2020 жылғы Токиода өткен Олимпиада ойындарына 12 млрд еуродан астам қаржы жұмсалған). 

Бұл Франция астанасының жаңа нысандар салудың орнына толығымен дерлік қалада бар нысандарға сүйенуіне байланысты. 

Франция астанасының Choose Paris Region экономика және туризмді дамыту агенттігінің мәліметінше, нақты цифр айтуға әлі ерте болса да, алдын ала мәлімет қазірдің өзінде көңіл көншітеді. 

«Жағымды жайт, Олимпиада және Паралимпиада осы кезеңінде бізге былтырғы жазға қарағанда 500 мың турист көбірек келді. Бұл, әрине, белгілі бір экономикалық әсер етеді. Шетелдік туристер біз күткеннен де көп болды. Бұл жағдайда бізде көп ақша жұмсайтын клиент бар. Бірақ біз әлі де экономикалық пайданың түпкілікті нәтижесін күтеміз», — деді агенттік басшысы Александра Дубланш.

Құқық және спорт экономикасы орталығының (CDES) мәліметінше, бұл шара Париж аймағына 6,7 және 11,1 млрд еуро көлемінде қаржылық пайда әкелуі мүмкін.

Нақты сандар бірнеше айдан кейін жарияланады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!