Францияның әскери-теңіз күштері Тулон қаласының жағалауында экипажсыз соққы жасайтын камикадзе катерді сынақтан өткізді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Франция Қарулы күштер министрлігіне сілтеп.
Патрульдік кемеден жіберілген катер жарылғыш затпен жабдықталып, ескі жүк кемесіне бағытталды. Дронның соққысынан кейін күшті жарылыс тіркелген.
Қарулы күштер ведомствосы мұндай сынақтардың халықаралық қауіпсіздік жағдайының ушығуына байланысты қажет екенін атап өтті.
Сынақ кезінде экологиялық және теңізшілердің қауіпсіздігі ескеріліп, отын алдын ала төгілген. Кеменің ішінде қорғау шаралары қабылданған. Жарылыс орны арнайы металл плиталармен және ауа баллондары арқылы қорғалған.
Бұл — француз флотында жүргізілген алғашқы тәжірибе емес. 2024 жылы желтоқсанда атомдық суасты қайығы ескі кеме корпусын торпедамен жарып, суға батырған. 2025 жылдың ақпанында La Fayette типіндегі «Курбе» фрегаты теңіз минасымен сынақтан өтті. Ал наурызда Tonnerre тікұшақ тасымалдаушы кемесі DRAGOON Fury жаттығуларын басқарды.
Naval News порталы бұл дронның франциялық SeaOwl компаниясы жасаған болуы мүмкін екенін жазады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!