Француз полициясы Лаваль қаласында Лувр музейін тонауға қатысты соңғы күдіктіні құрықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD-ке сілтеме жасап. 

Le Parisien басылымының хабарлауынша, ер адам құрылыс алаңында ұсталды. Қазір ол жеке камерада отыр. Күдіктінің адвокаттары қамауға алу туралы ордерге шағымданатынын мәлімдеді.

Басылымның жазуынша, 39 жастағы ер адам Сена-Сен-Дени департаментінен шыққан. Бұған дейін жезөкшелікке мәжбүрлеу, жүргізуші куәлігінсіз көлік айдау, ұрланған заттарды сату және басқа да құқықбұзушылықтар үшін алты рет істі болған. Ер адамға осы қылмыстың бірі үшін 2010 жылы 2 ай шартты жаза берілген. 

Луврды тонау оқиғасына жасы 34 пен 39-ға дейінгі төрт ер адам қатысқан. Тергеу мәліметінше, олардың ішінде екеуі Аполлон галереясына кіріп, тағы екеуі сыртта күтіп тұрған. Олар жалпы құны 88 миллион еуро тұратын зергерлік бұйымдарды алып кеткен. Соңғы ұсталған күдікті қымбат әшекейлерді ақ фургонмен тасымалдаған.

Бұл істе тағы бір фигуранттың аты аталады. Ол күдіктілердің бірінің серіктесі. Әйел адамға қылмысқа барғандарға көмектесті деген айып тағылғанымен, қазір ол бостандықта жүр.

BILD басылымының хабарлауынша, қылмысты кім ұйымдастырғаны әзір белгісіз. Тергеушілер қылмыстың артында басқа адамдар тұруы мүмкін деген нұсқаны алға тартады. Бұдан бөлек қолды болған корольдік зергерлік бұйымдардың қайда екені де белгісіз болып отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!