7 желтоқсан күні Париждегі Нотр-Дам шіркеуі 2019 жылдың сәуір айында болған үлкен өрттің салдарынан бес жылдық қалпына келтіруден кейін қайта ашылды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы DW-ге сілтеме жасап.
Бұл оқиғаға арналған салтанатты шараға қатысу үшін Франция астанасына 40-тан астам мемлекет және үкімет басшылары келді. Олардың арасында Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер, АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамп және оның сайлау науқанындағы серігі Илон Маск, Ұлыбританияның ханзадасы Уильям және Украина президенті Владимир Зеленский болды.
Сонымен қатар салтанатты шараға дін қайраткерлері мен қалпына келтіру жұмыстарына қаржылай көмек көрсеткендер де шақырылды. Шіркеудің қайтадан сенушілерді қабылдауға дайын екендігін Париждің архиепископы Лоран Юльриш хабарлады. Бұған дейін ол есіктерді таяғымен соққан еді.
Нотр-Дамның қайта ашылуына арналған мерекелер 7 және 8 желтоқсандағы демалыс күндері жалғасты. Ашылу салтанатының трансляциясын 20-дан астам елдің телеарналары көрсетті.
7 желтоқсандағы кешкі бағдарламада өрттен кейінгі оқиғаларды баяндайтын фильм көрсетіліп, құтқарушылар мен шіркеуді қалпына келтіруші құрылысшыларға құрмет көрсетілді. Қолайсыз ауа райына байланысты барлық қойылымдар ғимараттың ішіне көшірілді.
2019 жылы өртпен күресіп, оның салдарын жойған өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды, сондай-ақ құрылысшыларды ашылу салтанатында түрегеп тұрып қошеметпен қарсы алды.
Франция президенті Эммануэль Макрон Нотр-Дам шіркеуінің ашылу салтанатында сөз сөйлеп, француз халқына алғысын білдірді.
«Екі күн бұрын үкімет таратылғандықтан Нотр-Дамның ашылуында сөз сөйлеу Макрон үшін маңызды мүмкіндік болды. Франция Президенті бұл күнді осылай елестетпеген сияқты. Бастапқыда Нотр-Дамды Олимпиада ойындары кезінде ашу жоспарланған еді, бірақ бұл орындалмады. Ал үкімет жоқта өрініс тіпті көңілсіз болып тұр»- деп жазды RFI.
Шіркеудің ашылуынан кейінгі алғашқы діни рәсім 19:45 те, Эммануэль Макронның сөзінен кейін басталып, 45 минутқа созылды.
Рим Папасы Франциск шараға қатысқан жоқ, Бірақ шіркеудің басшысы Оливье Рибадо Дюма брифингінде хабарлағандай, ол Париж архиепископына «француз халқына арналған» хабарлама жіберген.
«Бұл керемет шіркеудің қайта жандануы Франциядағы шіркеудің қайта өрлеуінің белгісі болсын», – деп жазылған бұл хабарламада.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!