Коллаж: Ulysmedia

Газа секторында әскери қақтығыс басталғалы бері 38 мыңға жуық адам қаза тауып, тағы 87 мың адам жарақат алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы Палестина Денсаулық сақтау министрлігі Telegram-каналында хабарлады.

Зардап шеккендер әлі де көбейіп келеді

«Израильдің Газа секторындағы қырғынынан зардап шеккендердің саны қазір 37 877-ге жетті», – делінген Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесінде.

Соңғы шабуылдың салдары

2023 жылдың қазан айынан бері анклавта 86 969 адам зардап шекті.

Денсаулық сақтау министрлігі: «Соңғы 24 сағатта Израиль күштерінің Газаның әртүрлі аймақтарын атқылауы мен әуе шабуылдарының салдарынан 43 палестиналық қаза тауып, тағы 111 адам жараланды» деп хабарлады.

Күшейе түскен қақтығыс

Бұл деректер Газадағы жалғасып жатқан қақтығыстың жантүршігерлігі мен ауқымын көрсетіп отыр. Өйткені оның салдарынан адамдар опат болып, үйлер қирандыға айналып жатыр. Халықаралық қауымдастық қос тарапты зорлық-зомбылықты тоқтатуға және бейбіт шешімдерге жол табуға шақыруын әлі жалғастырып келеді.

Еске сала кетсек, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі (HRC) жанынан бұрын құрылған тәуелсіз халықаралық комиссия 2023 жылдың 7 қазанынан бері қақтығыстар кезінде жасалған өлтірулер мен зорлық-зомбылық үшін Израиль мен палестиналық Хамас тобының мүшелері жауапты деп танылған баяндамасын ұсынған болатын.

24 мамырда Халықаралық сот Рафахтағы қақтығыстарды дереу тоқтатуға және геноцид туралы мәлімдемелерді тексеруге кедергісіз рұқсат беруге бұйрық шығарған болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!