Фото: dailymail.co.uk

«Ливанға пейджерлерді жеткізумен айналысады» делінген компанияның иесі, үндістандық 39 жастағы Норвегия азаматы Ринсон Йоси жарылыстардан кейін жоғалып кетті.

Бұған дейін Тайваньдық пейджер өндірушісі Gold Apollo Ливанда жарылған пейджерлер партиясын Будапешттің BAC Consulting Kft компаниясы шығарғанын айтқан. Мажарстан үкіметі компанияның делдал екенін және пейджерлердің ешқашан елде болмағанын айтты. Келісімге болгариялық Norta Global Ltd компаниясы да қатысқаны хабарланды.

Басылымның мәліметінше, Norta Global компаниясының иесі Rinson Xose болып тіркелген.

Йоси сейсенбі күні алдын ала жоспарланған іссапарға кеткен деп айтылуда. Алайда оның негізгі жұмыс берушісі, норвегиялық NHST медиа конгломератының басшылығы содан бері онымен байланыса алмағандықтан сәрсенбі күні кешке Норвегияның қауіпсіздік қызметіне хабарласқан.

Осло полициясы келесі күні «ақпаратқа қатысты алдын ала тергеуді бастағанын» хабарлады.

Айта кетейік, 17 және 18 қыркүйекте Ливанның әртүрлі аймақтарында байланыс құрылғылары, соның ішінде пейджерлер мен рациялар жарылған. Мыңдаған құрылғының бір уақытта жарылуына не себеп болғаны әзірге белгісіз. Хизболла мен Ливан ресмилері оқиға үшін Израильді айыптады. Израиль шенеуніктері әзірге олардың қатысы барын растаған немесе жоққа шығарған жоқ.

Дереккөз: KAZINFORM

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!