SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Илон Масктің xAI компаниясы Apple мен OpenAI-ға қарсы сотқа шағым түсірді. Ол бұл екі алпауытты жасанды интеллект саласында заңсыз үстемдік орнату үшін келісім жасаған деп айыптап отыр.

Арызда мәліметке қарағанда, Apple мен OpenAI-дың эксклюзивті әріптестігі басқа компаниялардың миллиондаған клиентке қол жеткізу мүмкіндігін шектеген.

«Бұл – әлемдегі ең ірі смартфон өндіруші мен жетекші ІІ компаниясының келісімі. Екі монополист өз үстемдігін сақтап қалу үшін күш біріктірді. Бұл – адамзат тарихындағы ең қуатты технология саналатын жасанды интеллект дамып келе жатқан кезеңде жасалған әрекет», – делінген шағымда.

Масктің компаниясы бұл келісімді тоқтатуды және миллиардтаған доллар өтемақы өндіруді талап етіп отыр. Бұған қоса, Маск OpenAI-ды жеке сотқа беріп, «компания миссиясына опасыздық жасап, пайда қуып кетті» деп айыптады. Айта кетейік, Илон Маск OpenAI-дың негізін қалаушылардың бірі болған, бірақ 2018 жылы ұйымнан кеткен.

OpenAI жаңа талапқа қатысты пікір білдіріп, Масктің әрекетін «қудалау тәжірибесінің жалғасы» деп атады.

2023 жылы Маск xAI компаниясын ашып, ChatGPT-ге бәсекелес өнім жасайтынын мәлімдеген. Бірнеше айдан соң ол X әлеуметтік желісінде қолдануға болатын Grok атты чат-ботты іске қосты.

Еске салсақ, 2023 жылы Маск X.AI атты тағы бір компания құрғанын хабарлаған. Оның мақсаты – жасанды интеллект арқылы «шындықты тану» болатын. Сол кезде X.AI OpenAI мен Google-ға бәсекелес ретінде қарастырылған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!