Илон Маск АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамптың жеке резиденциясының аумағында орналасқан коттедждердің бірін жалға алған, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы The New York Times-қа сілтеме жасап.
Маск тұрған коттедж Banyan деп аталады. Ол негізгі үйден бірнеше жүз фут қашықтықта орналасқан. Резиденция аумағында тұру Маскқа Трамп ұйымдастырған кешкі астарға қатысуға мүмкіндік береді.
Маск Мар-а-Лаго аумағында тұрған жалғыз президент серіктесі емес. Дереккөз мәліметінше, болашақ вице-президент Джей Ди Вэнс те осы коттедждердің бірінде тоқтаған.
The New York Times мәліметінше, Трамп әлемдегі ең бай адам саналатын Масктың Мар-а-Лагоның бір тұрғын үй аймағын «жалдап жатқанын» мақтан еткен.
Коттеджді жалдау құны әдетте бір түнге кемінде 2000 долларды (1 млн 49 мың теңгені) құрайтыны айтылғанымен, Масктың нақты қанша төлейтіні белгісіз. Әдетте, қонақтарға шот олардың кетер күні беріледі. Сондықтан Трамп Маскқа шотты мүлдем ұсынбауы немесе жалдау құнын азайтуы мүмкін деген болжам бар.
Илон Маск коттеджге шамамен сайлау күні орналасып, сайлау нәтижелерін Трамппен бірге бақылаған. Ол Рождество мерекесі қарсаңында аумақтан кеткенімен, жақын күндері қайта оралады деп күтілуде деп жазды New York Times.
Еске сала кетсек, 20 қаңтарда Дональд Трамп АҚШ-тың 47 президенті ретінде ұлықтау рәсімін өткізіп, қызметіне кіріспек.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!