Фото: almaty.tv

Мәжіліс депутаты Марат Башимов Ресей мемлекеттік Думасының депутаты Евгений Федоровтың Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығына қатысты арандатушылық мәлімдемелеріне жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Башимов өз сөзінде кейбір ресейлік Дума депутаттарының Қазақстанға қатысты айтылған достық емес пейілдегі мәлімдемелері жиі болатынын атап өткен. Айтуынша, Федоров Петропавлда Қазақстан тәуелсіздігін мойындамайтынын ашық айтып, өзара «Халық кеңесі» ұйымын құрған сепаратистік пиғылдағы төрт азаматқа қатысты сот үкімін сынаған. 

“Мемлекеттік думаның интеллектісі 13 жасар баламен тең депутатының арандатушы сөздеріне пікір айту қиын, бірақ сонда да тырысып көрейін. Біздің мемлекет барлық көршілерімен шекарасын толығымен делимитациялады. Бізде кеңестік өткеніміз туралы кешен жоқ, біз тәуелсіздік алып, халықаралық деңгейде танылдық. Мен ресейлік әріптестерімді өте нәзік саяси тақырыптарда сөз қозғамас бұрын ойлануға шақырамын”, – деді Башимов бейсенбі күні өзінің депутаттық сауалын жолдау кезінде.

Қазақстандық депутат Федоровтың сөздері тарихқа қайшы келетінін атап өткен. 

“Олар бірінші кезекте біздің негізгі және стратегиялық серіктесіміз Ресейдің ұстанымына нұқсан келтіреді. Сонымен бірге Федоров осындай сөздерімен өз президентінің ресми саясатына қарсы шығып отыр. Федоров өзінің барлық “психологиялық травмаларын” БАҚ бетінде немесе парламентте емес психиатрдың үстелінде шешуі тиіс”, – деді Марат Башимов.

Федровтың Қазақстанға қатысты арандатушылық сипаттағы мәлімдемелермен жүйелі түрде айналысатынын айта кетейік.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!