Иран президенті Масуд Пезешкянның Мәскеуге сапары қарсаңында жан-жақты стратегиялық серіктестік келісіміне қол қойылады деп күтілуде. Ал Иранның рухани жетекшісінің кеңесшісі Әли Лариджани Ресейге бірнеше рет құпия миссиямен барған. Бұл туралы «The Times» газеті 13 қаңтар күні жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Басылымның мәліметінше, батыс барлау қызметі Лариджанидің сапарларының басты мақсаты – Тегеранның ядролық бағдарламасын дамытуда Мәскеуден көмек алу ниеті деп санайды.
Сонымен қатар, батыс барлау қызметтері өкілдерінің айтуынша, Иран Ресейден Су-35 жойғыш ұшақтарының жаңа нұсқасын алу және Израиль жойған ПВО жүйелерін қалпына келтіруді мақсат етіп отыр.
“Одан бөлек, Тегеран Мәскеуден Ливанның радикалды шииттік «Хезболла» қозғалысын қаруландыруда көмек алуды көздеуде, оның арсеналын Израиль жойған болатын”, деп жазды The Times.
Газеттің хабарлауынша, Мәскеуде Иран парламентінің бұрынғы төрағасы және Ислам революциясы Сақшылар корпусының бұрынғы офицері Әли Лариджани Украинаға қарсы соғыста пайдалану үшін Ресейге ирандық ұшқышсыз ұшақтар мен зымырандарды жеткізу мәселесін талқылады.
Айта кетсек, 2024 жылдың маусым айында Ресей президенті Владимир Путиннің Пхеньянға сапарынан кейін Ресей мен Солтүстік Корея арасында стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Ұқсас құжат 17 қаңтарда Масуд Пезешкианның сапары аясында РФ мен Иран арасында да жасалуы мүмкін.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!