SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Иранның сот билігінің басшысы Голям Хоссейн Мохсени-Эджеи елдегі наразылық акциялары кезінде ұсталған күдіктілерге қатысты жедел сот процестерін өткізіп, өлім жазасын қолдануға шақырды. Бұл туралы Associated Press агенттігі хабарлады.

Оның айтуынша, елдегі тұрақтылықты қалпына келтіру үшін шешімдер кейінге қалдырылмауы тиіс.

«Егер біз жұмысты, яғни тұрақтылықты қалпына келтіруді мақсат етсек, мұны қазір және жылдам істеуіміз керек. Процесті екі-үш айға созатын болсақ, нәтиже мүлде басқаша болады», — деді ол.

Бұл мәлімдеме Иран мемлекеттік телеарнасында жарияланды. Ол АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранда наразылық білдірушілердің қаза табуына байланысты елге қарсы әскери соққы жасау қаупін айтқанына қарамастан жасалды.

Бұған дейін Reuters агенттігі наразылықтарды күшпен тарату барысында шамамен 2,6 мың адамның, соның ішінде қауіпсіздік күштері қызметкерлерінің де қаза тапқанын хабарлаған.

Ирандағы жаппай наразылықтар өткен жылдың 28 желтоқсанында Тегеранда басталып, кейін елдің өзге ірі қалаларына тарады. Акцияларға ұлттық валютаның күрт құнсыздануы түрткі болған. Иран билігі наразылықтарды ұйымдастыруға АҚШ пен Израильді айыптап, оларды ел ішінде тәртіпсіздік тудыруға және террористік топтарды қолдауға қатысы бар деп мәлімдеді.

Сәрсенбі күні Тегеран алдын ала соққы жасауға дайындалып жатқанын жариялады. Осыдан кейін Пентагон Катардағы АҚШ-тың негізгі Таяу Шығыс әскери базасында қызмет ететін персоналға кешке дейін эвакуациялану жөнінде ұсыныс жасады. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!