Иранда елдің жаңа Жоғарғы көшбасшысы белгілі болды. Аятоллалар Кеңесінің шешімімен бұл қызметке Әли Хаменеидің ұлы Моджтаба Хаменеи тағайындалды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Iran International басылымының мәліметінше, 56 жастағы Моджтаба Хаменеи Жоғарғы көшбасшы лауазымына ұсынылған басты кандидаттардың бірі болған.

Ол — Иранның бұрынғы Жоғарғы көшбасшысы Аятолла Әли Хаменеидің екінші ұлы. Моджтаба Хаменеи елдегі ықпалды діни-саяси тұлғалардың бірі саналады. Сонымен қатар оның Иранның Ислам революциялық гвардия корпусымен тығыз байланысы бары жиі айтылады.

Бұған дейін Аятолла Әли Хаменеидің қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған болатын. Осыған байланысты елде уақытша көшбасшылық кеңесі құрылып, өтпелі басқару тәртібі енгізілген.

Өтпелі кезең кезінде Иран президенті Масуд Пезешкиан мемлекет басшысы ретіндегі міндеттерімен қатар Жоғарғы көшбасшының кейбір өкілеттіктерін уақытша атқарған. Ал Аятоллалар Кеңесінің соңғы шешімінен кейін елдегі жоғары діни-саяси билік ресми түрде Моджтаба Хаменеиге берілді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!