Фото: Iranian Presidency/Handout/Anadolu via Getty Images

KAZ.NUR.KZ. Иранның жоғарғы көшбасшысы Аятолла Әли Хаменеи елдің жаңа президенті Масуд Пезешкянды қызметіне бекітті. Тиісті жарлыққа қол қойылды.

Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменеи Масуд Пезешкянға президент мандатын тапсырды, деп жазады Anadolu агенттігі.

Тегерандағы шараға президенттің м.а. Мұхаммед Мухбир, парламент спикері Мохаммед Бакир Калибаф, сот жүйесінің басшысы Гуламхусейн Мохсини Эджеи және басқа да жоғары лауазымды тұлғалар қатысты.

Рәсім елдің ішкі істер министрі Ахмад Вахидидің сайлау барысы туралы баяндамасынан басталды.

Еске сала кетейік, 69 жастағы Масуд Пезешкян Иранда шілденің басында өткен президент сайлауында жеңіске жеткен болатын. Барлығы 30 млн 510 мың 157 дауыс берісле, оның 16 млн 384 мың 403 дауысына Пезешкян ие болды.

Пезешкян бұған дейін Иранның денсаулық сақтау және медициналық білім министрі қызметін атқарған. Ол сондай-ақ президенттік сайлауға екі рет қатысқан: 12 жыл бұрын ол сайлау додасынан өз еркімен кетуге шешім қабылдады, ал 2021 жылғы сайлауда оның кандидатурасы Иранның Бақылау кеңесінен өтпеген.

Нәтижелер ресми жарияланғаннан кейін президент Тоқаев оны жеңісімен құттықтап, жеделхат жолдады.

Ал өткен аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев телефон арқылы сөйлесу барысында Иранның жаңадан сайланған президенті Масуд Пезешкянды жеңісімен құттықтап, қызметіне табыс тіледі.

Сондай-ақ Иранда кезектен тыс президент сайлауы Ибрагим Раисидің 19 мамырда ұшақ апатынан қаза табуына байланысты болды. Иран президенті пен Сыртқы істер министрлігінің басшысы отырған тікұшақ апатқа ұшыраған болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!