Испанияда жоғары жылдамдықты екі пойыз рельстен шығып кетіп, 21 адам қайтыс болды, 100 шақты жолаушы жарақат алды. Бұл туралы елдің ішкі істер министрлігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Қайғылы оқиға 18 қаңтар күні кешкісін Испанияның Кордова провинциясында тіркелді. Малага шаһарынан Мадридке бет алған «Iryo» компаниясының жолаушылар пойызы белгісіз себеппен рельстен шығып, қарсы жолаққа ауысқан. Сол мезетте оған Уэльва бағытымен келе жатқан өзге пойыз соғылған. Испаниялық ақпарат құралдарының мәліметінше, екі құрамда шамамен 400 жолаушы болған.

Апаттың неден шыққаны әзірге нақтыланған жоқ. Құтқару бөлімшелері оқиға орнында іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Испания үкіметінің басшысы Педро Санчес жағдайды тікелей бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді. Қаза тапқандардың отбасыларына елдің корольдік әулеті де көңіл айтты.

Аймақтағы азаматтық қорғау қызметінің жетекшісі Мария Белен апаттың қаладан жырақ екенін жеткізді. Соған байланысты апат болған елді мекеннің тұрғындары оқиға орнына жылы көрпе мен ауыз су әкеліп, жарақат алғандарға көмектескен.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!