Италияның солтүстігіндегі ұлттық саябақтан мыңдаған динозавр ізі табылды. Кейбір іздердің диаметрі 40 сантиметрге дейін жетеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.
Ғалымдардың айтуынша, бұл олжаға шамамен 210 миллион жыл болған. Іздер бір-біріне параллель орналасқан, олардың көбінде саусақтар мен тырнақтардың таңбалары анық көрінеді.
Зерттеушілердің болжамынша, іздерді прозауроподтар қалдырған. Бұл – мойыны ұзын, басы кішкентай, өткір тырнақтары бар шөпқоректі динозаврлар.
«Мен өзім тұратын өңірде осындай әсерлі жаңалыққа тап боламын деп ешқашан ойламаппын», — деді миландық палеонтолог Кристиано Даль Сассо.
Өткен жылдың қыркүйек айында әуесқой фотограф Элио Делла Феррера Милан қаласынан солтүстік-шығысқа қарай орналасқан Стельвио ұлттық саябағынан тік жартасты тау беткейі бойымен жүздеген метрге созылған ерекше іздерді байқаған.
Триас кезеңінде (шамамен 250–201 миллион жыл бұрын) бұл жартастың орнында кейіннен Альпі тауларының бір бөлігіне айналған жазық жер болған.
«Бұл аумақ динозаврларға толы болған. Бұл — ғылым үшін аса құнды, орасан зор қазына», — дейді Даль Сассо.
Италияның мәдениет министрлігі іздер жатқан ауданға жету қиын және жаяу бару мүмкін емес екенін мәлімдеді. Айтуларынша, ол жаққа қарай жол жоқ. Сондықтан оны зерттеу үшін дрондар мен қашықтан зондтау технологиялары қолданылмақ.
Стельвио ұлттық саябағы Италия мен Швейцария шекарасындағы Фраэле аңғарындаорналасқан. Ол келесі жылы өтетін қысқы Олимпиада ойындарының өткізу орындарына жақын маңда жатыр.
«Тарихтың өзі табиғат пен спорт арасындағы символдық эстафетаны жалғап, өткен мен бүгінді тоғыстыра отырып, әлемдік деңгейдегі ең ірі спорттық оқиғаға тағзым жасағандай әсер қалдырады», — деп жазды елдің мәдениет министрлігі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!