KAZINFORM – Түркияның Измир қаласында 16 жастағы жасөспірім полиция бөлімшесіне қарулы шабуыл жасады. Салдарынан екі полиция қызметкері қаза тапты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Измирдің Балчова ауданында полиция ғимаратына жасалған қарулы шабуылда екі тәртіп сақшысы қаза тауып, алты адам жараланды.
Измир прокуратурасының мәліметінше, атыс кезінде жараланған күдікті – 16 жастағы жасөспірім ұсталды.
Оқиға бүгін таңғы уақытта болған. Бейнебақылау камералары оқ-дәрі толтырылған рюкзактары бар бетперде киген қарулы жас жігіттің полиция ғимаратына қалай келгенін жазып алған. Ол тәртіп сақшыларына оқ жаудырып, дүрбелең мен бейберекеттік тудырды.
Измир губернаторы Сүлейман Элбанның айтуынша, шабуыл жасаған адам бұрын сотты болмаған және сол ауданда тұрған.
Бұл қайғылы және алаңдатарлық оқиға. Күдікті бұрын әкімшілік немесе соттылығы жоқ жергілікті тұрғын, – деді ол.
Қазір жасөспірім медициналық мекемеде. Оған операция жасалды.
Шабуылдың террористік астары туралы ресми мәлімет әлі болған жоқ, бірақ билік тергеуді кеңейтіп, күдіктінің радикалды топтармен ықтимал байланысын тексеріп жатқанын хабарлады. Тергеу жалғасып жатыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!