SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Израиль әскері Газа қаласына шабуыл жасап, оны толықтай басып алуға бағытталған «Гедеонның арбалары II» атты операцияны бастағанын жариялады. Бұл туралы армияның баспасөз хатшысы Эффи Дефрин хабарлады.

Дефриннің айтуынша, Израиль Қорғаныс министрлігі жоспарды бекіткеннен кейін әскерлер дайындыққа кіріскен. Операцияға қосымша күш тарту үшін 60 мыңға жуық резервистке шақырту жіберіліп, тағы 20 мың әскери қызметкердің мерзімі ұзартылған.

18 наурызда бітім бұзылғаннан кейін Газаға әуеден және теңізден 10 мыңнан астам соққы жасалған. Қазір Израиль армиясы 360 шаршы шақырым аумақты алып жатқан сектордың шамамен 75%-ын бақылауға алған. Бұл жерде 2 миллионнан астам палестиналық тұрады.

Әскердің дерегінше, соғыс басталғалы бері ХАМАС-тың 2 мыңға жуық жауынгері көз жұмған. Сондай-ақ, палестиналықтардың күштеп қоныс аударылғаны айтылды – олар енді Газа аумағының небәрі 25%-ында ғана шоғырланған.

Израиль Қорғаныс министрі Исраэль Кац 20 ақпанда Газа қаласына басып кіру жоспарын мақұлдаған. Ал 8 тамызда қауіпсіздік кабинеті бүкіл секторды толықтай алу стратегиясын бекітті.

Премьер-министр Биньямин Нетаньяху Израильдің басты мақсаты – Газаны толық бақылауға алу екенін мәлімдеді. Жоспар екі кезеңнен тұрады:

Бірінші кезең: қалаға толықтай шабуыл жасап, миллионға жуық палестиналықты оңтүстікке көшіру;

Екінші кезең: орталықтағы босқындар лагерьлерін басып алу.

Айта кетейік, Израиль 1967 жылдан 2005 жылға дейін Газаны басып ұстаған. 2007 жылдан бері бұл аймақ қатаң блокадада тұр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!