SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, гуманитарлық дағдарыс ушығып бара жатқан Газа секторында балалар жан түршігерлік қасірет шегіп отыр. Бұл туралы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде сөйлеген ЮНИСЕФ атқарушы директоры Кэтрин Рассел мәлімдеді. Оның айтуынша, Израильдің әуе шабуылдары мен халықты күштеп көшіру салдарынан күн сайын кемі 28 бала қаза табуда.
«21 ай ішінде Газада 17 мыңнан астам бала қаза тапты, тағы 33 мыңы жараланды. Бұл – күн сайын бүтін бір сынып баланың өліміне тең», – деді Рассел. «Бұл балалар ешқандай қақтығысты бастаған жоқ, олар соғысқа қатыспайды. Бірақ олар күн сайын азық-түлік пен дәрі-дәрмек кезегінде тұрған жерінде оққа ұшады».
ЮНИСЕФ өкілі Газа тұрғындарының бәрі, әсіресе балалар, өмір бойына жазылмайтын психологиялық жарамен қалатынын ескертті.
«Әлем бұл балаларды сатып кетті. Біз оларды аман алып қала алмадық», – деді ол.
БҰҰ Гуманитарлық мәселелер жөніндегі басқарма басшысы Том Флетчер де соғыс салдарынан тамақ пен дәрі-дәрмек жетіспеушілігі өршіп тұрғанын растады. Оның айтуынша, азық іздеп көшеге шыққан бейбіт тұрғындардың өзі оқ астында қалады.
Флетчердің сөзінше, Израиль – оккупациялық держава ретінде – Женева конвенциясы бойынша азық-түлік пен медициналық көмекті қамтамасыз етуге міндетті.
Сонымен қатар, ол БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін Израиль армиясының әрекеттерін халықаралық гуманитарлық құқық тұрғысынан қайта қарауға шақырды.
Израиль әскері 10 шілдеде Дейр әл-Балахтағы медициналық орталыққа жасалған әуе соққысы кезінде кемінде 10 баланың қаза тапқанын растап, оқиға «техникалық ақауға» байланысты болды деп мәлімдеді. Әскерилердің айтуынша, Исламдық Жихад қозғалысының өкіліне бағытталған соққы белгіленген нысанадан ондаған метрге ауытқыған.
Сәрсенбі күні Хан-Юнисте азық-түлік тарату кезінде толқу болып, кемі 20 адам қаза тапты. Газадағы гуманитарлық ұйымдар бұл қайғылы жағдайға ХАМАС ұйымын кінәлап, көпшілік арасында қарусыз бейбіт жиналысқа қару алып келуге тыйым салынбағанын айтып, алаңдаушылық білдірді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!