KAZINFORM — «Атмосфералық өзен» деп аталатын табиғи құбылыстан туындаған күшті дауыл Калифорния штатына соғып, кенеттен болған су тасқындарына және тұрғындарды жаппай эвакуациялауға себеп болды. Бұл туралы Sky News агенттігі хабарлады.
Синоптиктердің болжамынша, қолайсыз ауа райы жағдайлары Рождество мерекесі өткенше сақталмақ.
Мереке қарсаңында құйып жауған нөсер жаңбыр салдарынан Оңтүстік Калифорнияның бірқатар ауданын су басты. Кей елді мекендерде жүздеген адам үйін тастап кетуге мәжбүр болды. Таулы аймақтардағы демалыс орындарында су, лай және қоқыс қалдықтары үй маңындағы аумақтар мен верандаларды басып қалды.
АҚШ-тың Ұлттық метеорологиялық қызметі сирек кездесетін «атмосфералық өзен» құбылысымен байланысты «адам өміріне қауіпті атмосфералық жағдайлардың» сақталатыны жөнінде ескерту жасады. Сондай-ақ шамадан тыс жауын-шашын түсу қаупі жоғары екені туралы ескерту әлі күшінде.
Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом штаттың алты округінде төтенше жағдай режимін жариялады. Оның айтуынша, бұл халықты және инфрақұрылымды қорғау үшін шұғыл қызметтер мен қосымша ресурстарды жедел жұмылдыруға мүмкіндік береді.
Лос-Анджелес округінде билік қауіп-қатері жоғары аймақтарда орналасқан үйлерге қатысты шамамен 130 эвакуациялау жөнінде өкім шығарды. Бұл аудандардың көпшілігі жыл басында болған орман өртінен бұған дейін де зардап шеккен.
Ұлттық метеорологиялық қызметтің метеорологы Майк Воффордтың айтуынша, әдетте бұл кезеңде Оңтүстік Калифорнияда 2,5 сантиметрге дейін жауын-шашын түседі. Алайда осы аптада кейбір аудандарда 10–20 сантиметр жаңбыр жаууы мүмкін, ал таулы өңірлерде жауын-шашын көлемі бұдан да көп болады деп күтіліп отыр.
Қысқы дауыл өткеннен кейін жауын-шашынның біршама әлсіреуіне қарамастан, синоптиктер Рождество күндері нөсер жаңбыр мен найзағай әкелуі мүмкін жаңа дауыл жүйесінің жақындап келе жатқанын ескертті. Билік өкілдері сондай-ақ көшкіндер мен сел жүру қаупін де жоққа шығармайды.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Калифорнияда кемінде екі адамның қаза табуы экстремалды ауа райы жағдайларымен байланысты болуы мүмкін.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
