Ресейдің Екатеринбург қаласында 16 жастағы жасөспірім қыз энергетикалық сусын ішіп, артынан қытырлақ нан жеп, оқыс жағдайда мерт болды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Life.ru сайтына сілтеме жасап. 

Сараптама жұмыстары жүргізіліп, қыздың жұмбақ өлімінің нақты себептері анықталып жатыр.

«Мектептен қайтқан жеті дос дүкеннен энергетикалық сусындар, тоқаш және қытырлақ нан сатып алған. Олар Фрезеровщиков көшесіндегі көпқабатты үйдің 16-қабатындағы кіреберіс аймағында отырған: олар алған заттарын ішіп-жеп, ойын ойнап, әңгіме-дүкен құрған. Бір кезде 16 жастағы қыздың жағдайы күрт нашарлаған. Оның денесі тырысып, еденге құлап, аузынан көбік ағып, көгеріп, дем алмай қалған», – деп жазды басылым. 

Достары жедел жәрдем шақырғанымен, дәрігерлер балаға көмектесе алмай, қыз сол жерде көз жұмды. Оқиға орнында қауіпсіздік күштері тыйым салынған заттарды таппаған. Сонымен қатар балалардың спирттік ішімдік ішпегені белгілі болды.

Жасөспірімнің өлімінің нақты себебін сот-медициналық сараптама анықтайтын болады. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!