Колумбияның Киндио департаментінде Эликоидаль көпірінде студенттер мінген автобус апатқа ұшырап, кем дегенде 11 адам қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы РИА Новостиге сілтеме жасап.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, автобуста барлығы 26 адам болған. Олардың 23-і студент, ал үшеуі инженерия факультетінің оқытушысы. Жолаушылар тәжірибеден оралып келе жатқан Гумбольдт университетінің өкілдері болған.
Полицияның алдын ала болжамы бойынша, жүргізуші автобус тізгінін механикалық ақауға байланысты басқара алмай қалған. Көлік көпірдің қоршауына соғылып, бірнеше жолаушы терезе арқылы сыртқа ұшып кеткен.
Жарақат алғандар шұғыл түрде жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілді.
Қазіргі уақытта қаза тапқан 11 адамның аты-жөні анықталған. Оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!