Францияның тағы бір мұражайынан шамамен 104 мың АҚШ долларына тең алтын және күміс тиындар, яғни барлығы 2000-ға жуық жәдігер ұрланды. Оқиға Париждегі Лувр мұражайынан корольдік әшекейлер ұрланғаннан бірнеше сағат өткен соң болған. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды «Адырна«.
Ақпаратқа сәйкес, ұрлық Францияның солтүстік-шығысында орналасқан Ландр қаласындағы философ Дени Дидроға арналған Maison des Lumières мұражайында орын алған.
Сейсенбі күні жұмысқа оралған қызметкерлер сынған әйнектерді көріп, дереу дабыл қаққан. Ресми тұлғалардың айтуынша, тиындар кәсіби түрде, “жоғары деңгейдегі біліктілікпен” таңдалып алынған.
Соңғы уақытта Франциядағы мәдени нысандарда ұрлық жиілеп кетті. 19 қазан таңғы уақытта белгісіз бір топ ұры Луврға небәрі төрт минутқа кіріп, баға жетпес зергерлік бұйымдарды қолды қылған болатын. Оқиға музейдің ең әдемі және ең көне залдарының бірі – Аполлон галереясында болған.
Өткен айда да белгісіз адамдар Париждегі Табиғат тарихы мұражайына кіріп, жалпы құны шамамен 1,5 миллион еуро тұратын 6 алтын құймаларды ұрлап кеткен. Француз БАҚ-ының хабарлауынша, сол кезде мұражайдың дабыл және бейнебақылау жүйелері кибершабуыл салдарынан істен шыққан, ал ұрылар мұны алдын ала білген болуы мүмкін.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
