Түркіменстанның бұрынғы бас прокуроры Құрбанбибі Атаджанова 78 жасында Дашоғыздағы әйелдер колониясында көз жұмды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Fergana агенттігіне сілтеме жасап.
Атаджанова 1997–2006 жылдары елдің бас прокуроры қызметін атқарған. Ол прокуратураны басқарған жылдары қадағалау органын жазалаушы жүйеге айналдырған.
2006 жылы сәуірде министрлер кабинетінің отырысында тұтқындалған Атаджанова жемқорлық қылмыстары үшін айыпталып, барлық атақтарынан және мемлекеттік марапаттарынан айырылды.
Арнайы операция кезінде оның 13 үйі, зауыттары, автопаркі мен миллиондаған доллары тәркіленді. Сол жылы желтоқсанда ол қызымен бірге Дашоғыз әйелдер колониясына жіберілді.
Ол дәл осы түрмені бас прокурор кезінде тексеріп, жағдайын «курортқа тең» деп сипаттаған болатын. Алайда халықаралық ұйымдардың деректеріне сүйенсек, колония қатаң тәртіппен, азаптаулар мен мәжбүрлі еңбекке толы мекеме болып саналады. Бүгінде онда екі мыңнан астам әйел қамауда отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!