KAZINFORM — Meta компаниясының негізін қалаушы Марк Цукерберг пен оның жұбайы Присцилла Чан Флорида штатындағы Индиан Крик жасанды аралынан 170 миллион долларға зәулім үй сатып алды. Бұл транзакция Майами тарихындағы ең қымбат мәміле болды, деп хабарлады Bloomberg. 

Жылжымайтын мүлік сатушылардың айтуынша, мұндай келісім сомасы өте сирек болса да, алдағы уақытта элиталық тұрғын үй нарығында құны 100 миллион доллардан асатын мәмілелер санының өсетінін атап өтті. 

Индиан Крик аралы Флориданың оңтүстігіндегі Майами Дэйд округінде орналасқан. Ол ХХ ғасырдың басында құрылған және шамамен 120 гектар жерді алып жатыр. Бұл аймақ ауқатты меншік иелерінің көп шоғырлануына байланысты «миллиардерлер бункері» ретінде белгілі.

Аралдағы жылжымайтын мүлік иелері арасында Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос, инвестор Карл Айкан және Джаред Кушнер де бар.

Өткен жылы Цукербергтің жеке байлығы Bloomberg миллиардерлер индексі бойынша алғаш рет 200 миллиард доллардан асты. Бизнесменнің байлығы негізінен Meta Platforms Inc акцияларының рекордтық жоғары бағасының арқасында өсті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!