KAZINFORM — Францияның шығысындағы Мюлуз коммунасында Алжир тумасының пышақпен жасаған шабуылы террористік акт саналады.
Бұл туралы Франция президенті Эммануэль Макрон мәлімдеді, деп жазады ТАСС ақпарат агенттігі BFMTV телеарнасына сілтеме жасап.
— Прокурор бұл істі Ұлттық терроризмге қарсы прокуратураға тапсырды. Өз кезегінде олар оны террорлық әрекет ретінде анықтаған. Сондықтан бұның исламдық террорлық әрекет болғанына еш күмән жоқ, — деді Макрон.
Франция президенті елдің Ішкі істер министрі Бруно Ретайоға қайғылы оқиға болған жерге баруды тапсырды. Ол болған оқиғаға қатысты егжей-тегжейлі түсініктеме бермейтінін айтты, дегенмен кешке ІІМ басшысы оқиғаның қалай болғанын айтып береді деп уәде етті.
Пышақпен қаруланған адам сенбі күні түстен кейін Францияның шығысындағы Мюлуз қаласындағы базардың жанында өтіп бара жатқан қала тұрғындарына шабуыл жасады. Салдарынан үш полиция қызметкері жарақат алды. Сонымен қатар қарулы террористі тоқтатпақ болған адам алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты. Қазір шабуыл жасаған адам ұсталды.
Францияның Ұлттық терроризмге қарсы прокуратурасы кісі өлтірді деген күдікпен жасалған шабуылға және «террорлық әрекетке байланысты билік өкілдерін өлтіруге оқталуға» қатысты тергеу басталғанын мәлім етті.
TF1 телеарнасының хабарлауынша, шабуыл жасаған адам Алжирден келген 37 жастағы азамат болып шықты. Оған Франция аумағынан кету туралы бұйрық берілген көрінеді. Бұдан бөлек 10 жыл ішінде оралуға тыйым салынды. Шабуыл жасалған күні ол соттық бақылау шараларының сақталуын растау үшін жергілікті комиссариатқа келуі керек еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!