KAZINFORM — Малайзия билігі Malaysia Airlines әуе компаниясының MH370 рейсінің қалдықтарын іздеу жұмыстары 30 желтоқсаннан бастап қайта жалғасатынын мәлімдеді. Бортында 239 адам болған әуе кемесі жоғалып кеткенінен он жылдам астам уақыт өтті, деп хабарлайды ВВС. 

Іздеу жұмыстары наурыз айында басталды, бірақ ауа райының қолайсыздығына байланысты көп ұзамай тоқтатылды. 

— Соңғы жағдайлар (Малайзияның) осы қайғылы жағдайдан зардап шеккен отбасыларға жұбатуды қамтамасыз етуге деген ұмтылысын айқындайды, — деп мәлімдеді сәрсенбіде елдің Көлік министрлігі.

Ағымдағы іздеу жұмыстарын Ocean Infinity геологиялық барлау компаниясы жүргізеді. 

Алдыңғы іздеу әрекеттері 2017 жылы аяқталған, оған 26 елден 60 кеме мен 50 ұшақ қатысқан. 2018 жылы іздеу жұмыстарын Ocean Infinity компаниясы жүргізді, алайда ол үш айдан соң аяқталды.

Еске сала кетсек, MH370 рейсі 2014 жылы Куала-Лумпурдан Бейжіңге ұшып бара жатқанда жоғалып кетті, бұл авиация тарихындағы ең ірі іздеудің себебі болды. 
Экипажбен байланыс 2014 жылдың 8 наурызында ол ұшып шыққаннан кейін бір сағаттан аз уақыт ішінде үзілді, ал радар ұшақтың бастапқы ұшу бағытынан ауытқығанын көрсетті.

Бұл оқиға әлі күнге дейін жолаушылардың туыстарын алаңдататын авиациядағы ең үлкен құпиялардың бірі болып отыр. Көп жылдар бойы адамдар ұшақты табу өте қиын болғанына қарамастан, іздеу жұмыстарын қайта жалғастыруды талап етіп келеді.

Аталған жағдай көптеген болжам мен түрлі теорияның шығуына себеп болды. Мысалы, кейбіреулер ұшақты ұшқыш әдейі құлатқан болуы мүмкін десе, енді біреулер оны біреулер басып алған деп санайды.

2018 жылы жүргізілген тергеу ұшақ басқаруы әдейі өзгертіліп, бағыты басқа жаққа бұрылған болуы мүмкін екенін көрсетті. Бірақ нақты бір қорытынды жасалмады.

Тергеушілер ол кезде: «Нақты жауап тек ұшақтың сынықтары табылғанда ғана айтылады», – деген болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!