Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан зардап шеккен қырғызстандық үш азамат еліне барады, деп хабарлайды KAZINFORM.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін, 29 желтоқсан күні Ақтау маңындағы ұшақ апатынан зардап шеккен қырғызстандық үш азамат –Тилек Осмонов, Эрлан Джунушуалиев және күні кеше жансақтау бөлімінен шыққан Ринат Асанов Ақтауға келген жақын туыстарымен бірге өз елдеріне жол тартты.

Оларға Маңғыстау облыстық ауруханасында тиісті медициналық көмек көрсетілді. Бүгінде үш азаматтың да жағдайы тұрақты.

Зардап шеккендерді әуежайдан шығарып салуға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев қатысты.

Қазіргі уақытта Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының жансақтау бөлімінде ұшақ апатынан зардап шеккен үш әзербайжандық азамат ем қабылдап жатыр.

Айта кетейік, апат себебін анықтау мақсатында Ақтауда Үкіметтік комиссия жұмысын жалғастырып жатыр.

Еске сала кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Azerbaijan Airlines ұшағы апатқа ұшырады.

Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде бес экипаж мүшесі болған. Оқиға салдарынан 38 жолаушы қаза тапты. Өкінішке қарай, мерт болған жандардың арасында 6 Қазақстан азаматы бар.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!