2 тамызға қараған түні Ресей Федерациясы Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары, Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведевтің ВКонтакте желісінде Қазақстанға қатысты жазба жарияланды. Бірақ мәтін бірнеше минуттан кейін өшірілген, деп хабарлайды Bugin.kz порталы turkystan.kz сайтына сілтеме жасап. 

Соған қарамастан әлеуметтік желі қолданушылары жазбаның скриншоттарын сақтап үлгерген.

Жазбада «Біз өз Отанымыздың шекарасын қалпына келтіру бойынша жұмыстарды қолға аламыз. Өздеріңіз білетіндей, Ресей шекарасы еш жерден аяқталмайды» деген сөйлемдер бар.

Сондай-ақ, 1801 жылға дейін Грузия сияқты ел болмағанын, оның тек Ресей империясының шекарасында ғана пайда болғаны жазылған.

«Солтүстік және Оңтүстік Осетия, Абхазия және Грузияның қалған аумақтары тек Ресей құрамында ғана біріктірілуі мүмкін», – делінген жазбада.

Мәтінде Қазақстанды «жасанды мемлекет» және «бұрынғы ресейлік территорияда орналасқан» деп атаған.

Сондай-ақ «Қазақстанға орыстар бармайынша, тәртіп орнамайды» деген сөйлем бар.

Жазбадан «Кезінде ұлы және құдіретті Кеңес Одағын мекендеген барлық халықтар қайтадан достық пен өзара түсіністікте бірге өмір сүретін болады» деген сөйлемді де кезіктіруге болады.

Кейін Дмитрий Медведевтің көмекшісі РИА Новостиге РФ Қауіпсіздік кеңесі басшысының орынбасарының ВКонтакте желісіндегі парақшасы бұзылғанын айтты.

Оның айтуынша, парақшаны бұзғандарды әлеуметтік желінің әкімшілігі анықтап жатыр. Ал ВКонтактенің баспасөз қызметі РБК-ға Дмитрий Медведевтің парақшасындағы жазбаны өзге біреу жариялағанын мәлімдеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!