KAZINFORM — Мексикадағы қарулы содырлар миллиондаған доллар тұратын алтын мен күміс концентраты тиелген жүк көлігін ұрлады, бұл Мексиканың тау-кен өнеркәсібіндегі ең ірі ұрлық деп аталды, деп хабарлайды Bloomberg.
Grupo Minero Bacis компаниясына тиесілі жүк көлігі 33 тонна алтын және күміс кен концентраты тиелген тіркемені тасымалдаған. Бұл — негізгі рудаға қарағанда бағалы металдардың жоғары концентрациясы бар жартылай дайын өнім. Концентраттан таза металл алу үшін арнайы зауыттарда балқыту керек.
Шабуыл Дуранго қаласынан Манзанилло портына апаратын тас жолда болды. Компанияның мәліметінше, шабуылдаушылар жүк көлігін екі ақ түсті көлікпен тосып, жүргізуші мен күзетшілерді қорқытып, бір жарым сағат бойы кепілде ұстаған. Содан кейін олар адамдарды аман-есен жіберді, бірақ бағалы жүк тиелген көлік пен тіркемені ұрлап кетті. Кейін полицейлер тек көлікті тапты, бірақ тіркеме әлі табылған жоқ. Компания жүктің нақты құнын жарияламады, бірақ оның құны миллиондаған долларға бағаланады.
Компания Мексиканың ұлттық тау-кен өнеркәсібі мен іскерлік ортада маңызды рөл атқаратын ықпалды кәсіпкер Хосе Хайме Гутиеррес Нуньеске тиесілі. Бүгінгі таңда Grupo Minero Bacis Мексикадағы ең ірі алтын, күміс, қорғасын және күміс өндіруші болып табылады. Grupo Minero Bacis директорлар кеңесінің төрағалығынан басқа, Нуньес тағы 12 компанияның төрағасы болып табылады.
Bloomberg агенттігінің мәліметінше, мұндай ұрлық Мексикада жиі кездеседі. Полицейлердің статистикасы бойынша, тонау әрекеті әрбір 50 минут сайын тіркеледі. 2025 жылдың алғашқы екі айында ұрлықтың жалпы саны өткен кезеңмен салыстырғанда 30 пайызға артқан. Дегенмен, 33 тонна концентраттың ұрлануы Мексиканың тау-кен өнеркәсібіндегі ең ірілерінің бірі болып табылады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!