Лионель Месси мен Луис Суарес Уругвайда жаңа футбол клубының құрылғанын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Клубтың атауы – Deportivo LSM, ал оның базасы Монтевидео қаласының маңындағы Сьюдад-де-ла-Коста қаласында орналасады. Команда 2025 жылдың екінші жартысында Уругвай футболының төртінші дивизионы (Divisional D) аясында ресми жарыстарға қатыса бастайды.

Жоба негізі алғаш рет 2018 жылы қаланған. Ол кезде Луис Суарес Deportivo LS атты клубты құрған болатын. Бұл клубтың басты мақсаты – жергілікті жастарды футбол арқылы дамыту және әлеуметтік жобаларға қолдау көрсету еді. Ал енді Мессидің қосылуымен клуб атауы Deportivo LSM болып өзгеріп, екі жұлдызды футболшының серіктестігін бейнелейді.

Бүгінде Deportivo LSM заманауи инфрақұрылымға ие: стадион, жаттығу алаңдары, фитнес залдары мен жүзу бассейні бар. Клуб құрамында 3 000-нан астам мүшесі және 80-ге жуық қызметкері бар. Жобаның басты мақсаты – Уругвайдағы жастар футболын дамыту, дарынды жергілікті ойыншыларға мүмкіндік беру және жаңа жұмыс орындарын ашу.

Клубтың бас бапкері қызметіне бұрынғы уругвайлық футболшы Альваро «Чино» Рекоба үміткер ретінде аталып отыр.

Месси мен Суарес, бұған дейін «Барселона» сапында бірге өнер көрсеткен және қазіргі уақытта «Интер Майами» клубында ойнап жүрген футболшылар.

Айта кетейік, клубтың ресми әлеуметтік желідегі парақшалары ашылып, қазірдің өзінде жанкүйерлердің үлкен қызығушылығына ие болуда.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!