Ақ үй басшысы Дональд Трамптың Иран «Томагавк» зымырандарымен мектепке шабуылдады деген мәлімдемесі ақылға қонымсыз. Бұл туралы АҚШ сенатындағы демократтар көшбасшысы Чак Шумер айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Иранда «Томагавк» зымырандары жоқ, Дональд Трамп! Ол тағы да шындыққа қарамай, ойына келгенін айта береді. Біз бәріміз басшының өтірік айтып тұрғанын білеміз, бірақ мұндай ауқымды мәселе туралы бұлай айту – өрескел қате. Әкімшіліктің басқа бірде-бір өкілі, тіпті Трамптың барлық айтқанын қолдайтын Пит Хегсет те бұл шабуылды ирандық зымырандар жасады деп айтқан жоқ. Трамп еш қысылмастан өтірік айтып отыр»,-деді Шумер.
Нью-Йорк штатынан сайланған демократ сенатор бұл оқиғаға байланысты не болғанын және неге сонша бейбіт тұрғынның қаза тапқанын анықтау үшін толық, тәуелсіз және ашық тергеу жүргізуді талап ететінін де мәлімдеді.
Иранның оңтүстігіндегі Минаб қаласында орналасқан Шаджара Таййебех бастауыш мектебіне 28 ақпанда әскери соққы жасалған. Елдің мемлекеттік БАҚ-тарының және денсаулық сақтау органдарының мәліметінше, шабуыл салдарынан 175 адам қаза тапқан, олардың басым бөлігі – балалар.
Бұған дейін Дональд Трамп мектепке жасалған шабуылға Иран жауапты екенін мәлімдеген еді. Ол шабуылға «Томагавк» зымырандары қолданылғаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдіріп, мұндай зымырандарды кез келген ел сатып алып, пайдалана алатынын, соның ішінде Иран да қолдануы мүмкін екенін айтқан. Ал Иран билігі, керісінше, бұл соққы сырттан жасалғанын жеткізген.
Бірқатар сарапшы мен америкалық АҚШ Ақ үй басшысының мәлімдемесіне күмән келтірген. Clash Report басылымының мәліметінше, «Томагавк» зымырандары негізінен АҚШ әскери-теңіз күштерінің қару-жарағына жатады. Сонымен қатар мұндай зымырандардың белгілі бір саны тек АҚШ-тың үш одақтасында – Ұлыбритания, Австралия және Жапонияда ғана бар екені айтылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
