Мьянмада 28 наурыз күні болған 7,7 және 6,4 магнитудалы жойқын жер сілкіністерінен 1644 адам қаза тауып, 3408 адам жарақат алды. Сондай-ақ, 139 адам хабар-ошарсыз кеткендер қатарында, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы BBC-ге сілтеме жасап.

Билік өкілдерінің мәліметінше, құтқару жұмыстары жалғасуда, алайда афтершоктар жағдайды қиындатуда. Мамандар үйінділерді аршу барысында қаза тапқандар саны әлі де көбеюі мүмкін екенін ескертті.

АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) мәліметінше, алғашқы жер сілкінісі жұма күні жергілікті уақытпен 12:50-де Мьянманың орталық бөлігінде, 10 шақырым тереңдікте тіркелген. Екінші жерасты дүмпуі одан 12 минут өткен соң болған.

Зілзаланың эпицентрі елдегі екінші ірі қала – 1,2 миллион халқы бар Мандалайдан 16 км қашықтықтағы Сагайн елді мекенінің маңында орналасқан. Жерасты дүмпулері көршілес Таиланд пен Қытайда да сезілді.

Таиланд билігі Бангкок муниципалитетінде 10 адамның қаза тапқанын, 42 адамның жараланғанын және 78 адамның із-түзсіз жоғалғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, 28 наурыз күні Мьянмада магнитудасы 7,9 болатын тағы бір күшті жер сілкінісі тіркелген еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!