Фото: SERGEI KARPUKHIN/TASS

Ресей президенті Владимир Путин Моңғолияға барды. Оның ұшағы 2 қыркүйек күні кешке Моңғолия астанасы Ұланбатырға қонды. Сол жерде оны қарауыл күтіп алып, қызыл кілеммен алып өтті. Бұл – Путиннің 2023 жылдан бері Халықаралық қылмыстық соттың юрисдикциясын қабылдайтын елге жасаған алғашқы сапары. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ресей президенті Моңғолияға ел президенті Ухнагийн Хурэлсухтың шақыруымен келді. Ол ұсынысты 2023 жылдың күзінде Бейжіңде өткен кездесуде жасаған.

3 қыркүйек күні таңертең Путин Ұланбатырдың орталығына Моңғолия президенті Ухнагийн Хурэлсухпен ресми кездесу рәсіміне қатысты. Осыдан кейін Моңғол дәстүрін ескере отырып жасалған мемлекеттік сарай ішіндегі ғимаратта шағын құрамда келіссөздер басталды.

Ал Украина Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Георгий Тихий Моңғолия билігін Ресей президентін Халықаралық қылмыстық сот ордері бойынша қамауға алмағаны үшін айыптады. Гаага соты Путин балаларды Украинадан Ресейге заңсыз депортациялағаны үшін жауап беруі керегін айтты.

«Моңғолия үкіметінің Халықаралық қылмыстық соттың Путинді міндетті түрде тұтқындау туралы бұйрығын орындамауы – Халықаралық қылмыстық сот пен халықаралық қылмыстық құқық жүйесіне ауыр соққы. Моңғолия айыпталған қылмыскердің соттан қашып кетуіне мүмкіндік берді. Осылайша Моңғолия Путиннің әскери қылмысына тағылған жауапкершілікті бөлісті. Мұның Ұланбатырға әсері тиюі үшін серіктестермен жұмыс істейміз», – делінген Украина Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.

2 қыркүйекте Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеу Путиннің Моңғолияда Халықаралық қылмыстық сот ордері бойынша тұтқындалуынан қорықпайтынын мәлімдеді.

«Моңғолияда мұндай мәселе жоқ», – деді Песков.

Халықаралық қылмыстық соттың жауабы

Өткен аптаның соңында Халықаралық қылмыстық соттың өкілі Фади Эль-Абдалла сотқа мүше елдер «Рим Статутының IX тарауына сәйкес ынтымақтастық орнатуға міндетті» екенін айтты. Бұл келісімде ұйымға мүше мемлекеттер басқа мемлекетке қатысты «бұрынғы шарттық міндеттемелерді бұзуына» немесе үшінші елдің өкілдерінің немесе меншігінің дипломатиялық иммунитетін бұзуына әкеп соқтыратын болса, өз міндеттемелерінен босатылуы мүмкін деген тармақты қамтиды.

Халықаралық қылмыстық сот өкілінің сөзінше, қол қойған мемлекеттер тарапынан «ынтымақтаспау» жағдайлары егжей-тегжейлі зерттеледі. Сондай-ақ барлық қатысушы елдерден тұратын ассамблея «қажет деп санайтын кез келген шараларды қолданады» делінген. 

“Халықаралық қылмыстық соттың жеке құқық қорғау органдары жоқ. Күдіктілерді оған мүше елдер өз аумағында ұстайды. Бұл үшін осы мемлекеттердің билік органдарының тиісті ерік-жігері қажет”, – деді ұйым өкілі. 

2023 жылы Путин Оңтүстік Африкаға БРИКС саммитіне шақырылған (бұл ел де Рим жарғысын бекіткен) еді. Алайда ол саммитке қатыспады. 

Путин толық ауқымды соғыс басталғаннан бері шетелге сирек шығып жүр. Қамауға алу ордері шыққаннан бері ол барған елдердің бәрі Халықаралық қылмыстық сот юрисдикциясын қабылдамаған. Ал Моңғолия Халықаралық қылмыстық сот құрамына 2002 жылы қосылған. Ол демократиялық ел ретінде де беделге ие. Freedom House оны еркін елдер қатарына қосады. 

Бұған дейін Украина билігі Моңғолияны Путинді сапары кезінде тұтқындап, Гаагадағы халықаралық қылмыстық сотқа тапсыруға шақырған. Песков Кремльдің бұл сапарға алаңдамайтынын және оның барлық мәліметтері «мұқият дайындалғанын» айтты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!