Фото:depositphotos.com
Мысырдағы Қызыл теңіздің Марса-Алам қаласының жағалауында шетелдік туристер мінген яхта суға батып кетті, – деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі The Guardian басылымына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, Sea Story атты кеме әртүрлі елдерден келген 31 турист пен 14 экипаж мүшесін тасымалдаған.
«Төрт палубалы ағаш корпусты моторлы яхтаның суға батуының себебі әлі белгісіз», – делінген мақалада.
Із-түзсіз жоғалғандардың арасында Ұлыбританияның бірнеше азаматы бар екені хабарланды. Бұл елдің сыртқы істер министрлігі оқиғаға байланысты адамдар мен олардың отбасыларына консулдық қолдау көрсетіліп жатқанын растады.
Яхта Марса-Алам қаласына жақын орналасқан Галеб портынан сүңгуірлік тур үшін шыққан және жұма күні Хургадаға келуі тиіс болған.
Жергілікті билік мәліметінше, аман қалғандардың кейбірі ұшақтың көмегімен құтқарылса, басқалары әскери кеме арқылы эвакуацияланған. Әскери-теңіз күштері және қарулы күштермен үйлестіре отырып, қарқынды іздестіру операциялары жүргізіліп жатыр.
Мысыр БАҚ-тарының мәліметінше, бортта төрт ұлыбританиялық, төрт неміс, бес испандық, екі бельгиялық, үш словак және екі америкалық болған.
Марса-Алам ауданында биыл осындай кем дегенде екі оқиға тіркелгені, екеуінде де құрбандардың болмағаны атап өтілді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!