KAZINFORM – Ғарышта тоғыз ай болған NASA астронавттары Бутч Уилмор мен Суни Уильямс үйлеріне оралды, деп хабарлайды ВВС.
Олар Халықаралық ғарыш стансасында сегіз күн болу керек еді, бірақ Boeing компаниясының Starliner ғарыш кемесіндегі техникалық ақауларға байланысты олардың миссиясын ұзартуға тура келді.
Уилмор мен Уильямс Жерге NASA астронавты Ник Хейг пен ресейлік ғарышкер Александр Горбуновпен бірге SpaceX-тің Crew Dragon капсуласына отырып оралды.
Олар ХҒС-тан сейсенбі күні Гринвич уақытымен сағат 5:05-те (Астана уақытымен 10:05) шығып, сол күні кешке Флорида жағалауына қонды.
Түсу өте әсерлі өтті. Бізде қону үшін қолайлы жағдай болды, – деді NASA өкілі Джейден Дженнингс.
ХҒС-тан Жер бетіне дейінгі жол 17 сағатқа созылды. Crew Dragon капсуласы Жер атмосферасына 1600 ° C-қа дейінгі температураға төтеп бере отырып кірді.
Борттағылар жердегі ауырлық күшінен шамамен төрт есе көп ауыр жүктемені бастан кешірді.
Аппарат суға төрт үлкен парашюттің көмегімен қонды.
Бутч пен Суниді алда не күтіп тұр?
Жерге оралғаннан кейін Бутч Уилмор мен Суни Уильямс Хьюстон қаласының (Техас) Линдон Джонсон атындағы ғарыш орталығына жеткізіліп, дәрігерлердің қарауынан өтеді.
Ғарыштағы ұзақ мерзімді миссиялар ағзаға әсерін тигізеді: астронавтардың сүйек тығыздығы төмендеп, бұлшықет массасының жоғалуын сезінеді. Қан айналымы да бұзылады, ал сұйықтықтың қайта бөлінуі көру қабілетіне әсер етуі мүмкін.
Қалыпты өмірге оралу үшін ағзаға көп уақыт қажет болуы мүмкін, сондықтан оларға денелері ауырлық күшіне қайта бейімделген кезде қарқынды физикалық жаттығулар жасауы қажет.
Бірақ Бутч пен Суни үшін бірінші кезекте отбасыларымен, достарымен және үй жануарларымен кездесу болады.
Еске сала кетейік, Суни мен Бутч оқиғасы 2024 жылдың маусымында басталды. Ғарышкерлер Boeing компаниясының Starliner ғарыш кемесінің алғашқы сынағына қатысты.
Ғарыш станциясына ұшу кезінде капсула бірқатар техникалық ақауларға тап болды, сондықтан ғарышкерлерді үйге қайтару тым қауіпті деп саналды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!