Фото: New York Post
Нью-Йорк қаласының Манхэттен орталығындағы зәулім ғимаратта белгісіз адам автомат қаруынан оқ жаудырды, деп хабарлайды Kazinform BBC агенттігіне сілтеме жасап.
CBS News телеарнасының мәліметінше, атыс кезінде бір полицей мен оның әріптесі қаза тапқан, ал екі бейбіт тұрғын ауыр жараланған. Ал CNN және Fox News телеарналарының хабарлауынша, кемінде бес адам көз жұмған, олардың арасында шабуылдаушының өзі де бар.
Қаза болғандар санына қатысты полиция мен жергілікті билік әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Нью-Йорк мэрі Эрик Адамс видеоүндеуінде атыс барысында «көптеген адамдар жарақат алды» деп мәлімдеді.
Америкалық БАҚ-тың хабарлауынша, оқиға Парк-авеню даңғылында орналасқан 44 қабатты зәулім ғимаратта болған. Бұл жерде Blackstone атты ірі қаржы компаниясының, АҚШ Ұлттық футбол лигасының (NFL) және басқа да ұйымдардың штаб-пәтерлері орналасқан.
Айта кетейік, бұған дейін жаппай атыс АҚШ-тың Хьюстон қаласында да тіркеліп, сол кезде 16 адам жарақат алған болатын.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!