АҚШ президенті Дональд Трамп 2025 жылғы 1 тамызда күшіне енетін баж салығының мерзімін одан әрі созбайтынын ескертті. Бұл туралы ол өзінің Truth Social әлеуметтік желісіне жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Кеше және бүгін бірқатар елдерге жіберілген, сондай-ақ жақын күндері жіберілетін ресми хаттарда көрсетілгендей, тарифтер 2025 жылғы 1 тамыздан бастап төленуі тиіс. Бұл мерзім өзгермейді және өзгертілмейді», – деп жазды Трамп.
Ол, сондай-ақ, ешқандай қосымша уақыт берілмейтінін қатаң ескертті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Трамп Қазақстан тауарларына 25 пайыздық кедендік тариф енгізетінін хабарлаған. Ол бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатында жазған.
8 шілде күні ҚР Сауда және интеграция министрлігі ресми мәлімдеме жасап, Трамптың салығы қазақстандық экспорттың шамамен 95 пайызына әсер етпейтінін атап өтті. Ведомство мәліметінше, Қазақстан АҚШ-қа негізінен мұнай мен металдар экспорттайды, ал жаңа баж салығы азық-түлік пен дайын өнімдерге қатысты болуы мүмкін.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!