Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі
KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің Түркияға жасаған ресми сапары барысында 20 құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Сапар барысында екі ел басшылары әуелі шағын құрамда кездесу өткізді. Оның аясында Шавкат Мирзиёев пен Режеп Тайип Ердоған өзбек-түрік қарым-қатынасын нығайту, саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ, тараптар өзара тауар айналымын 5 млрд долларға жеткізуге уағдаласты. Екі ел президенттері ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару және цифрландыру саласындағы әріптестікті кеңейту мәселелерін де сөз етті.
Бұған қоса, Шавкат Мирзиёев пен Режеп Тайип Ердоған қауіпсіздік пен қорғаныс, терроризм, экстремизм және радикализмге қарсы іс-қимыл бойынша серіктестікті нығайту қажеттігін атап өтті.
Бұл ретте Өзбекстан мен Түркия басшылары Газа секторындағы зорлық-зомбылықты тез арада тоқтату және Палестина-Израиль қақтығысын бейбіт жолмен шешудің маңыздылығына тоқталды.
«Тұрақтылық пен ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату үшін тәуелсіз әрі еркін Палестина мемлекетін құру қажет», – деп мәлім етті Ш.Мирзиёев.
Шағын құрамдағы кездесуден соң Шавкат Мирзиёев пен Режеп Тайип Ердоғанның төрағалығымен өзбек-түрік Іскерлік кеңесінің бірінші отырысы өтті. Оған екі елдің жетекші компанияларының басшылары да қатысты.
Кеңесте тараптар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі арттыру мақсатында өнеркәсіптік кооперацияны ілгерілету, қосылған құн салығы жоғары тауарлар өндірісін өз аумағына шоғырландырып, сол арқылы өзге елдердің нарығына бірлесіп шығу мәселелерін қарастырды.
Мұнымен қатар, преференциялық сауда туралы келісім шеңберінде кедендік тарифтерді төмендету, Стамбул қаласында Өзбекстанның сауда өкілдігін ашу бойынша келісімдер жасалды.
Келіссөз барысында екі елдің көлік-логистикалық әлеуетін, оның ішінде Орта дәліздің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану тетіктері талқыланды.
Одан кейін Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысы өтті. Оның қорытындысы бойынша Өзбекстан мен Түркия басшылар кешенді стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы бірлескен декларацияға қол қойды.
Жалпы келіссөздер нәтижесінде тараптар әріптестіктің сан саласын қамтитын 19 құжатқа қол қойды. Сәйкесінше, қос президент өз үкіметтеріне әр бағытты дамытуға арналған «Жол картасын» әзірлеуді тапсырды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!