Өзбекстанда сотталғандардың жазасын кітап оқу арқылы қысқарту ұсынылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Өзбекстанда түрме жазасын қысқарту үшін кітап оқу бағдарламасы енгізілуі мүмкін. Парламент бұл бастаманы бірінші оқылымда мақұлдады. Жобаға сәйкес, Қылмыстық кодекске сотталғандарды «рухани түзету» туралы жаңа бап енгізу қарастырылған. Осы бағдарлама аясында сотталғандар арнайы бекітілген кітаптар тізімінен кітап оқып, кейіннен емтихан тапсыру арқылы әр оқылған кітап үшін жазасын үш күнге қысқарта алады.
Көркем әдебиетті оқу сотталғандарға өз сезімдері мен эмоцияларын түсінуге ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы басқа адамдардың да сезімдері мен көзқарастарын, олардың өмірге деген ұстанымдары мен ұмтылыстарын ұғынуға көмектеседі, – деді елдің ішкі істер министрінің орынбасары Рамазон Ашрапов.
Оның айтуынша, Өзбекстандағы 49 түрменің барлығында кітапханалар бар, оларда 230 мыңнан астам кітап жиналған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!